«Латын әліпбиі – қазақ тілінің болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы бағдарламасының аясында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен, Қостанай педагогикалық колледжінің «Филология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – қазақ тілінің болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Қостанай тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, арнайы орта оқу орындарының филолог мамандары мен Қостанай педагогикалық колледжінің студенттері қатысып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайы жан-жақты талқыланды.
Аталмыш маңызды басқосуды педколледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ахат Қамар Закарияқызы жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған тіл дамыту басқармасының қызметкері Олжабаева Айгүл Ғазизқызы қазақ жазуының латын графикасына көшуін рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі дей келіп, осы мәселеге қатысты студент жастармен біріге отырып ой таластыруымыздың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелге арнайы шақырылғандардың бірі — А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Жүрсіналина Гүлжанат Құрмашқызы: «Біз латын тіліне көшпейміз, оған қайта ораламыз, өйткені қазақ елі өткен ғасырдың басында осы графикамен оқыған»,- деп тілдің тарихы мен түркі тілдерінің ұқсастықтарына тоқталып, жаңа латын әліпбиі үлгісінің жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтып, ұлт ертеңі үшін жүзеге асырылғалы отырған бағалы қадам деп түсіндірді.

Осыдан кейін сөз алған «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Талапова Гүлнар Маратқызы латын әліпбиіне көшкен жағдайдағы ұтатын тұстарымызға баса назар аударды. Атап айтар болсақ, халықаралық ақпараттық кеңістікке ену, әлемдік озық технологияларды меңгеру мүмкіндігі артады, сондай-ақ латын әліпбиімен жазылған қазақ тіліндегі материалдар жер-жаһанда тарыдай шашылған қазақтардың ортақ игілігіне айналады.

Сонымен қатар, аталмыш іс-шараға қатысқан колледж оқытушылары да өз ой-пікірлерін ортаға салып, осы реттегі түйткілді мәселелерді қаузады. Нақтырақ айтар болсақ, қазақтіліне тән «ә», «ө», «ү» сынды дыбыстардың дұрыс айтылуына алаңдаушылық білдірді. Көбінесе бір дыбыстың бір әріппен таңбалануын қолдайтындары байқалды. Кейбір өзге тілдердегі секілді бір дыбыстың екі немесе үш әріппен жазылуы қиындық келтіретіні айтылды.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған қонақтарға педколледж студенттері, яғни болашақ мұғалімдер сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысқан тіл жанашырлары мен болашақ мұғалімдердің барлығы латын әліпбиіне көшу мәселесінің өзектілігіне мән бере сөйлеп, қолдайтындықтарын білдірді. Латын әліпбиіне көшу ұлы мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігімізді жеделдетіп, мемлекеттік тілімізді игеруді жеңілдетіні де айтылып қалды.
Әрине, латын әліпбиіне көшу оңай шаруа емес, бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын маңызды да салмақты іс. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан латын әліпбиін үйрететін мамандар даярланатыны, сөздіктер, оқу-әдістемелік құралдар шығарылатыны айтылды.
Қорыта келе, айтарымыз: көпшілік болып, қызу талқыланып жатқан осынау маңызды мәселеге қай-қайсымыз болсын атсалысып, қолдау білдірейік дегім келеді.

«Филология» кафедрасының меңгерушісі Кенжегарина Алмагүл Әлмұханқызы

Добавить комментарий

Войти: 

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *