Поэзия дегенің-халық қаны,
Қасіреті, мұрасы, жарық таңы,
Ол – сезімнің оралмас мөлдірлігі
Уақыт шаңын бойына дарытпады.
Поэзия — әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем;
Жаны -тұнған тұңғиық тереңдік те,
Қимылы –ырғақ, әуен- деп, жырлап, жырдан маржан төгілтетін, Қостанай педагогикалық колледжінде «Мәнерлеп оқу» үйірмесі үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл үйірме екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – студенттер өз жандарынан өлең шығарады, екіншісі – студенттер ақындар өлеңдерін оқиды. Үйірмеге колледждің көптеген студенттері қатысып, өздерінің шығарған өлеңдерін оқумен қатар поэзия әлеміне шолу жасайды. Көркем сөзді нақышына келтіре оқып, тіл байлықтарын жетілдіріп, мәнерлеп оқу өнеріне ден қояды. «Мәнерлеп оқу» үйірмесі аясында үйірме мүшелері көптеген облыстық, қалалық деңгейдегі іс-шаралар мен сайыстарға қатысып, өз өнерлерін көрсетіп келеді. Осындай жемісті еңбектерінің арқасында өз жандарынан шығарған өлеңдері енгізілген «Қылқалам» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Қостанай педагогикалық колледжінде сәуірдің 7-сі күні аталмыш жинақтың тұсаукесері өтті.
«Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл , жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» — деп, ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ әдебиетінің жазбаша негізін салушы Абай Құнанбаев атамыз өз өлең шумақтарында өлең жазудың талаптарын көрсеткендей, бұл жинаққа Қостанай педагогикалық колледжінің лириканы жанындай сүйетін, қара сөзді адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі деп білетін, өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін студенттерінің Отан, махаббат, табиғат, мамандық, достық тақырыптарына арналған өлеңдері енгізілген. Жас қылқалам ақындарынан болашақта зор үміт күтіп, келешекте тек биіктерге самғап, Абай, Мұқағали аталарыңдай әдебиетте із қалдырар тұлға болсын деп, ақ жол тілеймін!
Үйірме жетекшісі қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің оқытушысы
Жармұхамбетова Алтынгүл Алдабергенқызы.